top of page

Семинар-тренинг

Жаңа әліпби -жаһандық өркениетке қадам

IMG-20191212-WA0034.jpg
IMG-20190416-WA0033.jpg
IMG-20190405-WA0208.jpg
Іс- шара жоспары

«Қазақ тарихындағы Алаш кезеңі» атты пікіралмасу сабағы

Пікір алмасу сабағының мақсаты:  Алаш қозғалысы, Алашорданың көшбасшылары туралы білімдерін жетілдіре отырып, тыңдаушыларды сауатты және шешен сөйлеуге дағдыландыру.

Жүру барысы:

Кіріспе. Құрметті қонақтар, әріптестер, тыңдаушылар! Бүгінгі «Қазақ тарихындағы Алаш кезеңі» атты пікіраламасу сабағына қош келдіңіздер!

Сабаққа қатысушылар:   Бүгінгі біздің пікіралмасу сабағына  Республикалық мерзімді басылымдардың тілшілері келіп отыр екен.

 «Егемен Қазақстан» гезетінің тілшілері: Қалиасқар Алмас мырза мен  Нұрекенова  Қарлығаш ханым;  «Дидар» газетінің өкілдері  Байбосынова Раушан және Есенгельдинова Айгүл ханымдар; «Жас Алаш» газетінің тілшілері: Утемжаров Данияр мырза мен Желдыбаева Әсел ханымдар; «Менің өлкем» газетінің тілшілері Бекенова Еркежан ханым; «Өскемен» газетінің өкілі Жакупова Айзат ханымдар қатысқалы отыр.

Экранға назар аударайық! (бейнеролик қосылады)

Еліміз бен жерімізді қорғаудағы шынайы азаматтың басты ұстанымы отаншылдық қасиеттер болып табылатынын жұрт санасына сіңіріп, ұлт намысын қайраған ақындарымыздың бірі -  Ғабиден Қожахмет.

Шайқалды сан мәрте,

Елімнің тұнығы.

Қазағым, асылым

Көк түрік сынығы.

Торлап ап тұрғанда,

Ұлтымды азап-мұң.

Оятпақ болыпты

Ұлдары қазақтың.

Әлихан, Мұстафа,

Ахмет, міржақып.

Орнатпақ болыпты

Халқына нұр бақыт.

Күресті атсын деп,

Елінің ақ таңы.

Алаштың айбынды

Асылдай ұлдары

Зиялы, жүректі,

Қорғаны тұлғалы

Сын жерде елінің

Намысын сатпады.

Бақытқа жетсін деп,

Келешек ғасырлар.

Елінің ертеңін

Ойлады асылдар

Еске алса ұрпағы.

Кеудеге өрт толды.

Алаштың ұлдары

Ақ жолда мерт болды.

Әлихан, Мұстафа,

Ахмет, Міржақып

Орнатпақ болыпты

Халқына нұр бақыт.

Күресті атсын деп,

Елінің ақ таңы.

Алаштың айбынды,

Асылдай ұлдары,

Зиялы, жүректі,

Қорғаны тұлғалы

Сын жерде елінің

Намысын сатпады.

Күн туды күлімдеп

Асылдар аңсаған.

Ұрпағы бүгін кеп,

Ақ таңын қарсы алған.

Қыранды көк байрақ,

Биікке көтерді.

Елтаңба-  қос пырақ,

Алысқа жет енді!

Әлихан, Мұстафа,

Ахмет, Міржақып.

Орнатпақ болыпты

Халқына нұр бақыт.

Күресті атсын деп,

Елінің ақ таңы.

Алаштың айбынды,

Асылдай ұлдары

Зиялы, жүректі,

Қорғаны тұлғалы

Сын жерде елінің намысын сатпады- дей келе осы Алаш,

 

1. Алашорда, Алаш арыстары деп көп айтып жүрміз. Жалпы осы Алаш қозғалысына қысқаша тоқтала отырып, «Алаш» сөзінің этимологиясы, мағынасы туралы  ойларыңызды ортаға салсаңыздар.

Жауап:

Сөз кезегі Алмас мырзаға беріледі: Алаш – ежелгі түрік сөзі. Бауырластар, қандастар, туыстар деген мағынаны білдіреді. Көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Ал, ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін өте ауыр кезең болғаны белгілі. Қазақстанның мемлекеттілігі, елдігі таразы басына түскен осы қилы заманда Ресейлік патша үкіметі қазақ жеріне баса көктеп, отарлау саясатын жүргізген еді. Қазақ халқының құнарлы жерлерін орыс шаруаларына бөліп беруі, қазақ жастарын қара жұмысқа салуы  қазақ халқының және қазақ зиялыларының ашу –ызасын туғызғаны осы қазақ зиялыларының бірлесе отырып Алаш қозғалысын бастауына алып келгені тарихтан белгілі.

Сөз кезегі Қарлығаш ханымға беріледі: Иә, Алмас мырзаның сөзіне толықтай келісемін, «Алаш» қазақ халқының байырғы сөзі. Мағынасы – елдік, тұтастық, бірлік, айбарлық деген бірнеше ұғымдарды жинақтайды. Алаш – Қазақстанның «Мәңгі ел»  ел мұратын саясат пен руханият тұрғысынан айқындаған, айшықтаған кезең атауы. ХХ ғасырдың басында тарихи тамыры тереңде жатқан Алаш ұғымы жаңғырып, ұлт зиялыларының бастауымен қазақтың басын біріктіретін бостандық идеясына айналуы Алаш өкілдерінің мемлекет құру жолындағы ұлы жетістіктерінің бірі болды. Сол себептен, ХХ ғасырдың тарихи төрінде алаш қозғалысының қоғамдық саяси қызметі ерекше орынға лайық. Түптеп келгенде, Алаш қозғалоысының мақсаты саяси іс-шаралар арқылы еркіндікке қол жеткізіп, ұлттық мүддені қорғайтын мемлекет құру еді. Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылдың ақпан-желтоқсан айларындағы іргелі өзгерістерді бастан кешіп Алаш партиясы, соңынан Алашорда үкіметі құрылғаны белгілі.

 

Өте жақсы олай болса осы Алаш қозғалысының өз алдына жоғары мәні бар мақсат-міндеттері болғаны да сөзсіз ғой.  Раушан ханым осы мәселеге тоқталып кетсеңіз: Алаш –қазақ елінің мемлекет құру тәжірибесімен мемлекетшілдік мүддесінің үзілмеген арқауы. Олай болса  XX ғасырдың бас кезінен өрістей бастаған қазақ қауымына тән Алаш қозғалысының өз алдына жоғары мәні бар жалпыұлттық мақсат-міндеттері бар: ұлттық тең құқылық, халықтың мәдениетін көтеру, оқу-ағарту ісін жетілдіру, әйел теңдігін қамтамасыз ету, көшпелілерді отырықшыландыру сияқты міндеттерді қойғаны белгілі. Басқа сөзбен айтқанда бұл істің басы-қасында болған жаңадан қалыптаса бастаған қазақтың ат төбеліндей аз ғана тұңғыш интеллигенттері жалпы ұлттық сұраныстарға жауап беруге және оларды шешуге тырысты.

 

Жақсы, Айгүл ханым енді осы интелегенция қауымына тоқталып өтсеңіз: Тәуелсіздік жылдары бұл Қазақстан Республикасының батыл да бастамшыл бірлік пен парасат, білім мен жауапкершілік тарихына қараған айнасы.  Алаш-қазақтың саяси элитасы. «Алаш» партиясының белді өкілдері, зиялы қауымы, халқымыздың біртуар ұлдары өз елі үшін жандарын құрбан еткен. Алаш қозғалысының көшін бастаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар, Алаш идеясына баянды қызмет еткен ақын-жазушылар  Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытов, Алашорда үкіметінің мүшесі Әлімхан Ермеков және Мұхамеджан Сералиндер т.б. қазақ зиялылары екені белгілі.

 

2) сұрақ: Осы өздеріңіз айтып отырған Әлихан Бөкейханов көшін бастаған «Алаш» партиясының, оның мүшелерінің ұлттық ұстанымы, идеясы болғандығы белгілі. Ол бес түрлі тұжырымға негізделгенін тарихтан білеміз. Яғни, «ұлттық демократиялық мемлекеттің болуы, жердегі қазба байлықтардың өз елімізге қызмет етуі, өз шикізатымызды өзіміз пайдалану және ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек» - деген болатын. Осы ұлттық ұстанымдар туралы ойларыңызды ортаға салсаңыздар.

 

Сөз кезегі Айзат ханымға беріледі: Сіз жақсы санамалап көрсеттіңіз, осы кезде Ә.Бөкейханов жерге жеке меншік құқығын беру үлкен қателік екенін атап айтқан, себебі бұл қазақтар үшін тиімсіз, ұлтқа кесірін тигізетін, қазақтардың жерден айырылуына әкеліп соғатынын көрсеткен. Сонымен қатар мемлекеттік құрылысқа қатысты мәселелер бойынша да жаңа үкіметпен келіспейтінін көрсетеді.  “Мен неге кадет партиясынан шықтым?” атты мақаласында осындай жәйттер жазылған. Бұл кезеңде Әлихан Бөкейханов мемлекет формасы, жергілікті бостандық негізі, құқық, дін ісі, билік және сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар жағдайы, ғылым-білім, жер мәселесі деген он түрлі қоғамдық мәселе бойынша нақты концепцияны демократиялық үлгіде әзірлейді. Бұл концепция қазақ автономиясын жариялаған, елді президенттің билеуін қолдаған, жердің сатылмау принципін ұстанған Алаш партиясы бағдарламасына негіз болды деуге болады.

 

Сөз кезегі Данияр мырзаға беріледі: Сіздерге жақсы таныс, 1917 жылы шілде-тамыз айларының арасында Жалпықазақтық I құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шыққаны белгілі.

Жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді»- деген.

Яғни, жер – Отан, aл Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы оянып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілгені белгілі. Бұл бірінші тұжырымы болатын.

Сөз кезегі Әсел ханымға беріледі: Данияр мырзаның айтқаны өте дұрыс, енді мен келесі ұстанымына тоқталып кетсем, бұл жердің астын­дағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Яғни, бұл «өз жерінің игілігін әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат» деген ойды танытады.
Абай данышпанның: «…Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» дегеніндегі «ырқың сөзі» – осы еркің деген сөз ғой. Өз жеріңнің астына, үстіне, аспанына иелік ете алмасаң, еркіндіктің кеткені сол емес пе?!.

Сөз кезегі Алмас мырзаға беріледі:  Ә.Бөкейха­новтың жобасы бойынша, «Қазақ­тың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс деген еді. Абайдың тағы бір сөзінде: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек» дегендегі бірлік – осы экономикалық бірлік болса керек. Ал қазіргі біздегі сатылмайтын құндылық – тек «жалданып тірлік кұру» ғана болып қалды деуге болады.

Сөз кезегі Айгүл ханымға беріледі:  Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Халел Досмұхамедұлының пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.

Бұл төрт мәселеге келгенде, біздің де рухымыз мықты, өйткені сол ұстанымдардың жемісін қазіргі Тәуелсіз Қазақстаннан, оның ұстанымдарынан  көруге болады.  

Сөз кезегі Қарлығаш ханымға беріледі:  Мен бесінші тұжырымға тоқтала кетсем, түпкі мақсатта тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Яғни, Халел Досмұхамедұлының пайымдауына жүгінсек, «тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттap (заң) жасалады» деген болатын.

Міне, Алаш идеясы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың ұлттың толықтай бостандығы жолында ұстаған ұстанымының бір тарамы осындай. Менің ойымша, бұл идея мәңгілік және қазақ ұлты өмір сүріп тұрған жағдайда күн тәртібінен түспейді деп ойлаймын.

 

3) сұрақ: Бейнематериалға назар аударайық (қазақ газеті туралы бейнематериал көрсетіледі) Өздеріңізге белгілі ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Қазақ» газеті, «Сырдария» газеті, «Айқап» журналы т.б. мерзімді басылымдардың болғаны белгілі. Алаш арыстарының мұралары, жеке шығармашылығы, саяси көзқарастары осы басылымдар арқылы жарық көріп тұрғаны да аян. Осы зиялы қауымның сол кездегі басылымдармен байланысы туралы ойымызды ортаға салсақ.

 

Сөз кезегі Данияр мырзаға беріледі:

Ана тілімізде жарық көрген газет-журналдардың рөлі ерекше болған. Жаңа атап өткендей  1913 жылы алаш арыстарының  ұйымдастыруымен дүниеге келген «Қазақ» газеті алғаш жарық көрген күнінен бастап  қазақ  даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне бес жылдан  ұзақ жападан-жалғыз қызмет етті. Алғашқы қазақ оқымыстылары мен алаш зиялылары осы «Қазақ» газетінің маңына топтастырылды, қаламдары мен саяси көзқарастарын ұштады. «Қазақ» газетінде ұлтымыздың сол кездегі тұрмыс –тіршілігі, ішкі және сыртқы саяси жағдайы, экономикалық-әлеуметтік, мәдени ағарту т.б. мәселелер толық қамтылған жинақ деуге болады.

 

Сөз кезегі Раушан ханымға беріледі:

Данияр мырза сіз жаңа «Қазақ» газеті туралы өте орынды айттыңыз. Мен осы тұста М. Дулатов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаевтың т.б. ақын-жазушылардың  шығармалары, танымдық материалдары жарық көрген «Айқап» журналының орны ерекше болғандығына тоқталғым келеді. Оның алғашқы саны Троицк қаласында 1911 жылдың қаңтарында жарық көрді.

Журналдың “Айқап” аталуын Мұхамеджан Сералин журналдың 1911 жылғы № 1 санында былайша түсіндірді: “Біздің қазақтың “Әй, қап” демей тұғын ісі бар ма? Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы барларымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің жөні табылмады. “Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай” дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтар үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. “Қап, ынтымақсыздығымыз-ай” дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға “ендігі сайлауда көреміз, қап, бәлем-ай” дедік. Осындай біздің қазақтың неше жерде “қап” деп қапы қалған істері көп. “Қап” деген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз өкінішімізге ылайық “Айқап” болды” – дейді.

Тақырып ауқымынан көріп отырғанымыздай, қазақ тілінде тұңғыш шыққан "Айқап" журналында еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани өміріне қатысты түрлі мақалалар, бостандық пен теңдік мәселелеріне арналған материалдар жарияланып отырған. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсыновтың “Қазақ өлкесі”, М.Сералиннің “Қазақ қай заманда Россияға қаосылған”, Қ. Бәтішұлының “Қазақ шежіресі”, М. Дулатовтың “Жер мәселесі”, “Екі қыздың мұңы” және тағы басқа да мақалалар, әңгімелер мен өлеңдер үнемі басылып отырған. Осы кездегі шыққан материалдар өте құнды деуге болады. Бұл «Айқап» журналындағы мақалалар 1995 жылы жеке жинақ болып шыққан. Оның кіріспесіне «Айқаптың» авторлары - алаш зиялыларының өмірі туралы қысқаша мәлімет берілген. Осы біздің баспасөзге негіз болған, іргетасын қалаған мерзімді басылымдар деуге болады.

 

Жақсы, енді осы айтылған бес тұжырымның ішінде тіліміз, ана тіліміз туралы айтылған мәліметтер бар және осы тілдік идеяның бүгінгі күндегі маңызы өзара астарласа алама, байланысы қандай?

Сөз кезегі Асел ханымға беріледі: Менің айтқым келетіні, осы басылымдарға басылып шыққан, халықтың көзі мен құлағы бола білген газет журналдарға белгілі Алашордашы, ағартушы қайраткер, ғалым, А. Байтұрсыновтың шығармалары басылған. Алаш қайраткерлері қазақ халқын азат ел ету бағытындағы мақсатты ойларын бес тұғырға негіздеді. Солардың ішіндегі ең бір маңызды тұғырының бірі - қазақ тілінің мәселесі болатын. Ол бәрімізге белгілі тіл біліміміздің негізін қалап, көптеген еңбектер жазған. Бұлай болатыны, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда «тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет бұл бағытта бос үгіт насихатқа салынбай нақты іске кірісіп, қазақ жоғының орнын толтыруға білек сыбанып кірісті. Қазақты біртұтас ел деп танысақ, Алаш идеясын біртұтас қазақ идеясы деп мойындауымыз қажет. Алаш идеясына де­ген адалдық пен сенім - бізден соны талап етеді. Ал қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы идеясынан артық мүдде болуы тиіс емес.
Бұл кісінің әдеби қызметі де қайраткерлігімен біртұтасып кеткен. 1909 жылы шыққан «Қырық мысал», 1911 жылы жарияланған «Маса» жинақтары халықты оятуға себепші болды. Ғалымның «Оқу құралы», «Тіл құрал», «Әліпби», «Әдебиет танытқыш» т.б. еңбектері әлі күнге дейін маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Ол идея да бүгін өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. 

 

Сөз кезегі Алмас мырзаға беріледі: Сіздер дұрыс айттыңыздар, елдің бұл басылымдар алғашында Ресей үкіметінің саяси бұйрықтары мен жарлықтарын жариялайтын хабаршы ретінде ұйымдастырылғанымен де халықтың құлағы мен көзі болғаны рас. Өйткені, зиялылар халыққа сөзін жеткізудің бір тәсілі өз шығармалары арқылы ойды нақты және дәл де астарлы жеткізуде қолданды. Атап айтсақ, Ә. Бөкейханов жағрафия қоғамының сүйемелдеуімен кіндік қаны тамған қазақ даласының тарихын көп зерттеген. Тарих саласындағы жазып қалдырған елеулі мұралары – «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи», «Киргизы» атты монографиялары. Бірінші ұжымдық монография 1903 жылы «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томдық еңбегі Санкт-Петербордан жарық көрді. Шығармада Қазақ өлкесінің сонау тас, қола дәуірінен бергі тарихы, мекендеген халықтары, олардың мәдени, саяси-әлеуметтік жетістіктері кең көрініс тапқан. Оны қазақтың тұңғыш энциклопедисі деуге болады.

 

4) сұрақ: Н.Назарбаев тарих толқынында атты еңбегінің «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында  «ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстанның қоғамдық –саяси өміріндегі Алаш партиясының алатын орны мен қызметін зерттеу – Отандық тарихымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені кезінде Алаш партиясының жетекшілері ұсынған қағидалары күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр» – деп жазған болатын.

Осы Алаш қозғалысының, ұлттық идеясының қазіргі Тәуелсіз Қазақстандағы орны қандай деп ойлайсыздар?.

 

Сөз кезегі Айгүл ханымға беріледі: Әлихан Бөкейхановтың 100 жыл бұрын «Қазақ» газетінде жазған мына сөзін естен шығармайық: «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деген екен. Алаш партиясының бағдарламасы біріншіден, қазақ елін өзінің бөлінбейтін территориясы бар, отарлық тәуелділіктен азат елге айландыруды, екіншіден, қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтеруді көздеді. Яғни, кез-келген мемлекеттің тұрақты және тиімді экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңызы зор екендігін Алаш қайраткерлері жете түсінді.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеудімақсат еткен алаштың асыл мұраттары біздің еліміздің қазіргі жедел жаңғыру, модернизация бағытымызбен үндес келеді деп көрсеткен еді.

 

Сөз кезегі Қарлығаш ханымға беріледі: «Алашорда» көшбасшыларының заңдылық тұрғыда ақталғанына қарамастан әлі күнге дейін Алаш қозғалысына толық баға бермей жүрміз. Алаштың аманатына адалдық танытып Алаш идеяларының іске асырылуының тәуелсіздігімізді нығайта түсуге қызмет ететініне сенеміз. Бүгінгі Қазақстан Республикасы-Алаштың бұл арманының іске асуының көрінісі. Алаш көшбасшыларының қазақ қоғамын біртіндеп Еуропалық деңгейдегі өркениеттің озық жетістіктері мен ақылға қонымды ұштастыру негізінде сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеуді өздерінің анық та айқын мақсаты тұтқанын атап өтуге болады. Қазіргі тәуелсіз еліміз сол мақсаттардың негізінде дүние жүзіне танылып, дамыған 30 елдің қатарына қосылуды көздеп, дамып, өркендеп жатыр.

 

Сөз кезегі Еркежан ханымға беріледі: Қазақ халқы ұлт ретінде өмір сүру қасиетін сақтап қалу үшін осы заманда, заман ағысына төтеп беріп тырысқаны белгілі. Қазақтар өлке өміріндегі өзгерістерге, отаршылдық әкімшілік ойлағандай, сырттай бақылаушы ғана болып қалмай, оған белсене араласты. Жергілікті мемлекеттік басқару отарлауәкімшілігінің басқаруымен, ал сайлаулар шалағайлықпен жүзеге асса да, кең байтақ қазақ даласындағы саяси процестерге халқымыз қызу қатысып отырды. Саяси қатысу қазақы дала өлкесінде өзгеше мәнге ие болды. Мұндай әділетсіздік  сол кезеңдегі көзі ашық, ұлттық сана-сезімі оянған қазақтың зиялы азаматтарына серпіліс берген еді.

 

Жақсы, осы Алаш идесы бізге, елімізге, мемлекетімізге не берді?Қазіргі маңызы неде? Сөз кезегі Данияр мырзаға беріледі: Алаш партиясы мен Алаш автономиясының тарихи маңызы өте зор. Олардың бағдарламасының саяси негізі қазақ елінің тәуелсіздігі еді және қозғаушы күші сол кездегі қазақ зиялылары болды. Большевиктер Алаш үкіметін жойғанымен, Алаш идеясын жоя алмады. Ел тәуелсіздігі өмір ақиқатына айналды. Алаш зиялыларының армандаған ойлары іске асты. Алаш автономиясы құрылмаса, КСРО-ға дербес мемлекет болып енбес едік. Дербес Қазақ республикасы болмасақ, бүгін егеменді мемлекет болмас едік. Кезінде бастарын өлімге тігіп, Алаш автономиясын құрған сол кездегі қазақ зиялыларына бүгінгі ұрпақ бас иеміз. Олар бізге Тәуелсіздік әкелді, санамызды егемендікке бұрды, шекарамызды алғаш қағаз бетіне түсіріп анықтап берді, Ата заңымыздың іргетасын қалады. Жалпы бүгінгі күндегідей Асқақ та дамыған, Еңсесі биік ел болуымызды негіздеді деуге болады.

 

Қорытынды сөз: Бүгінгі пікіралмасуымызды қорытындылай келе, Жалпы аталмыш тақырыптағы  ойларыңызды бір-бір ауыз сөзбен түйіндесеңіздер.

Сөз кезегі Асел ханымға беріледі: Алаш партиясы мен Алаш автономиясының маңызы өте зор. Олар қазақ халқының тәуелсіздігін дәріптеген. Егемен ел болуын аңсаған. Бүгінгі күні сол мақсатқа жеттік деп ойлаймын. Егемендігіміз жасай берсін!

 

Сөз кезегі Раушан ханымға  беріледі: Осы жерде алаш ордашылар неге мықты болды деген ой туындауы мүмкін. Өйткені, олардың әрқайсысы тарихты тамаша түсінді, тарихты білді. Сондықтан, қазіргі егемен еліміздің іргетасын қалады.

 

Сөз кезегі Алмас мырзаға беріледі: Алаш көсемдерінің мақсаты халыққа қызмет ету болды. Иә, тек қана халыққа қызмет ету. «Біле білсеңіз, анамыз халық, ана сүтін ақтайық» деген екен кезінде Ахмет Байтұрсынов. Қазіргі кезде де бұл ұстаным еш өзгерген жоқ деуге болады.

 

Сөз кезегі Данияр мырзаға беріледі:

Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,

Демейді қандай қазақ оны оң көзі.

Семей тұрсын жеті облыс бар қазақтан,

Талассыз жеке дара тұр ғой өзі -  деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай Әлихан Бөкейханов бас болған Алаш партиясы ешқашан өзінің тарихи маңызын жоймақ емес.

 

Сөз кезегі Айгүл ханымға беріледі: Алаш идесын тарату керек. Алаш идеясы арқасында қазақ өзінің қазақтығымен ғана мына әлемде аман қала алады. Өзін асқақтап, мыңжылдық мемлекет құра алады. Осыны түсінуіміз қажет.

 

Сөз кезегі Қарлығаш ханымға беріледі: Осы Алаш идеяларынан, ойларынан, Алаш көсемдерінен қандай құндылықтарды алып қалуымыз керек, жастардың, жас ұрпақтың бойына қандай қасиеттерді дамытуымыз керек деген маңызды мәселелерді сараптап, болашаққа нық қадам басуымыз керек деген ойдамын.

 

Сөз кезегі Айзат ханымға беріледі: Міржақып Дулатовтың:

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты

Өткізбей қараңғыда бекер жасты!

Жер кетті, дін нашарлап, Хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамасты! – деген сөздері әлі күнге дейін маңызын жоғалтпай қай заманда болсын халықтың сақ болуын, енжарлыққа берілмей білім нәрімен сусындаған көзі ашық азаматтар болуының ұраны іспеттес.

 

Сөз кезегі Еркежан ханымға беріледі: Қазақ рухын жаңғырту, бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді, яғни, ұлттық мүдделер негізінде жүргізуді талап етеді. Қазақ рухын жүзеге асырудың бір жолы қазақ идеясын жаңғырту болып табылады. Оның алғы үлгілері кешегі Алаш ұсынған жолдарда, қанымызда ұйықтап жатқан ұжымдық санадағы архетиптерде жатыр. Бұлардың барлығы оянып, жаңғырып бүгінгі қазақтың рухын көтеруге жұмыс істеуі керек. Олар әсіресе, тілдік саясатта, мәдениетте, жалпы руханиятта, қоғамдық өмірде көрінуі тиіс. Сонда ғана бөтенге ұқсамайтын, өзіндік жүру жолы бар қайсар рухты қазаққа айналамыз.
 

 

Қорытындылау: Сіздерге көп рахмет, бүгінгі біздің пікіралмасу сабағымыз өз мақсатына жетті деп есептеуге болады. Сабағымыздың мақсаты Алаш қозғалысы, Алашорданың көшбасшылары туралы тыңдаушылардың білімдерін жетілдіре отырып, тіл үйренушілерді  сауатты және шешен сөйлеуге дағдыландыру еді.

         Аталмыш тақырыпта ой бөлісіп, мағлұмат алдық. Бүгінгі елдігімізді жоғарыдан анықтаған, Егемен де тәуелсіз ел болып, көк туымыздың астында бейбіт өмір кешіп жатырмыз. Осындай ұлы тарихымызды жасап кеткен бабаларымыздың «білектің күшімен, найзаның ұшымен» қорғап, аялап жеткізген ұлан байтақ жерімізді, оның шекарасын және қазба байлықтарын сол кездегі Алаш арыстары жалғастырып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның игілігіне жеткізгендігі, жан аямай қызмет етіп, ұрпаққа үлгі қалдырғаны бәрімізге аян. Осындай асқақ рухты қазақ халқы мәңгі дамып жасай бермек. 


Назарларыңызға рахмет!

Ендігі сөз Шығыс Қазақстан линвистикалық орталығының директоры Айнұр Дүйсенбайқызына беріледі. (Алғыс хаттар таратылады)

Диктант: Сауатты адам - табысты адам! ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл!
Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығындағы іс-шаралар
bottom of page